Соңғы күндері дүкенге барғанда, кассаға келгенде мына баға сөредегі баға емес деп, келіспеушілік білдіріп жатқанды естимін. Сатушылар жүйеде бағаны өзгертті, сөрелерде жаңартып үлгермей жатыр деп ақталуда. Кейбіреулері сөредегі бағамен ұр деп талап етсе, кейбіреулер алмай кетіп жатыр.
Мен соңғысы туралы айтқым келеді, яғни біз бағаны көтергенде басында ол сұраныстың азаюына әкеледі. Жалпы саудадағы зерттеулерге байланысты, бағаның өсуі көп жағдайда сіздің сауда мөлшерінің кем дегенде 10% азаюына әкеледі. Әрине, бұл жалпылама, кейбір алғашқы қажеттілікке жатпайтын тауарлар бағаға неғұрлым сезімтал болады, ол жерде 40-50% дейін құлдырауы мүмкін.
Сондықтан жұрттан қалмай, баға көтеруден бұрын, сізде сауда көлемі қаншалықты азаюы мүмкін екендігін сараптап, бағаның әр түрлі деңгейіне жоспарлап, бірнеше сценарий жасаған дұрыс. Кейде тіпті бір клиентке 10%, басқасына 30% көтеретін әдісті де қолдануға болады.
Сондықтан бағаны жай көтере салмай, көтерілген баға таза пайдаңызды сақтауға көмектеседі ме, соны есептеп алғаныңыз абзал.
Сонымен қатар, тауарыңыз бірінші қажеттілікке жататын болса, әкимат тағы басқа мекемелерге баға көтеруіңіздің негізді екенін дәлелдеу керек болуы мүмкін.